Бүгін: 28.01.2022
Отбасы - қазақстандық қоғамның негізгі, экономикадағы біздің еліміздің барлық жаңа жетістіктері негізі, мәдениет, әлеуметтік саясат болып табылады.Н.Ә. Назарбаев

Медициналық мекеме айтулы мерейтойын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында атап өтті

Бүгін Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының ашылғанына 10 жыл толды. Қаншама нәрестелердің дүниеге келуіне септескен медициналық мекеме өзінің айтулы мерейтойын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында атап өтуде

Еліміздің медицинасында алар орны ерекше Перинаталогия және балалар кардиохирургиясы орталығы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл дегеніміз, дәл осы мекемеде алғаш дүниеге келген сәби қазір 10 жасқа келді деген сөз. Орталықтың осындай қуанышын бөлісуге әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар жиналды. Атап айтқанда, Италия, Ресей, Украина, Тәжікстан, Нидерланды секілді елдердің тәжірибелі мамандары бас қосып, құрсақтағы баланың денсаулығы және дүниеге келгеннен кейінгі күтімі туралы түрлі тақырыпта өзекті мәселелерді тілге тиек етуде.

Осы ретте, орталық бас дәрігері медициналық мекеме бүгінге дейін 50 мыңнан аса сәбидің дүниеге келуіне септесіп, жүрек ақауы секілді түрлі дертке ота жасалғанын алға тартты.

«Қазіргі таңда жүрекке 2 мыңнан аса ота жасалды. 4500-ден астам бала біздің стационар базасында амбулаторлық ем алды. Кейде салмағы бар-жоғы 500 грамм нәрестелер дүниеге келеді. Бүгінге дейін 4180 шала туылған бала тіркелген. Олардың бәріне жоғары санаттағы мамандар қажетті көмек көрсетті», – деді Алматы қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бас дәрігері Гүлнар Нұрланова.

Айта кетсем, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция бүгін таңғы сағат 9.30-да басталды. Жиын «Балалар кардиохирургия саласының өзекті мәселелері», «Неонатология» және «Еліміздегі акушерлік пен гинекология, медициналық генетикадағы диагностика» секілді 3 түрлі секцияға бөлініп өтуде.

Мамандардың айтуынша, балалардың жүрек ақауымен дүниеге келуіне түрлі факторлар себеп болады екен. Мәселен, тұқымқуалаушылық, түрлі жарақат немесе инфекциялық аурулар ана құрсағындағы сәби денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер қыз-келіншектерге жүктіліктің алғашқы үш айында сақ болуға кеңес береді.

 

 

 

Источник: https://www.facebook.com/100051453503457/posts/424961302562316/?d=n