Мерзімінен бұрын туған нәрестелерді ана сүтімен қоректендіру – олардың өмір сүру мүмкіндігін арттырып, ауыр асқынулардың даму қаупін төмендететін ең маңызды факторлардың бірі.
2025 жылғы 18 сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің пилоттық жобасы аясында, халықаралық «Салауатты ұрпақ» конференциясы барысында AYALA қайырымдылық қоры мен PHILIPS AVENT компаниясының қолдауымен Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында Қазақстандағы алғашқы жеке «Ана сүті банкі» ашылды. Жобаның мақсаты – мерзімінен бұрын туған және ауыр халдегі жаңа туған нәрестелерді ана сүтімен қамтамасыз ету.
Алты ай бұрын Түркістан облысында Қазақстандағы екінші жеке «Ана сүті банкі» іске қосылды. Жоба AYALA қайырымдылық қоры, Ernst & Young, PTC Holding, DSF серіктестерімен бірлесіп және St. Regis Astana, The Ritz-Carlton Astana, The Ritz-Carlton Almaty, Sheraton Astana қонақ үйлерінде өткен «You eat – We give» қайырымдылық бастамасы аясында жүзеге асырылды.
Ана сүтімен ерте қоректендіру нәресте өлім-жітімін азайтып, ұзақ мерзімді денсаулық көрсеткіштерін жақсартады. Зерттеулерге сәйкес, ана сүтімен қоректенетін мерзімінен бұрын туған нәрестелердің өлім қаупі жасанды қоспамен қоректенетін балаларға қарағанда 20–30%-ға төмен, ал жалпы нәресте өлім-жітімі 15–25%-ға азаяды. Сонымен қатар сепсис, пневмония, менингит, некроздаушы энтероколит (НЭ), бронхөкпелік және аллергиялық аурулардың даму қаупі төмендейді.
Жобаның нәтижелері:
* мерзімінен бұрын туған нәрестелерді қамту деңгейі - 90%;
* жиналған ана сүтінің жалпы көлемі - 300 литр;
* донор аналар саны - 567;
* жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелеріндегі мерзімінен бұрын туған нәрестелердің 95%-ы ана сүтімен қоректенуде;
* некроздаушы энтероколиттің (НЭ) даму жиілігі 50%-ға төмендеді.
Ана сүті банктерінің алғашқы нәтижелері олардың ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесіне жасалған тиімді инвестиция екенін көрсетіп, нәресте өлім-жітімі мен ауыр асқынуларды азайтуға, сондай-ақ медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал ететінін растайды.
