Дүниеге келгеніне 15 күн болған нәресте Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына туабітті жүрек ақауы диагнозымен түскен.

Мамандар тексеру барысында оның жүрегіндегі магистральді тамырлардың жұмысы мен артериалды қан айналымының бұзылғанын анықтады. Оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде күрделі ота жасалды.  Жамбыл облысынан келген нәрестенің іште жатқанда оттегі тапшылығы салдарынан орталық жүйке жүйесі зақымдалып, ағзадағы билирубин мөлшері де тым жоғары болған.

Балалар кардиохирургиясы бөлімі меңгерушісі Генадий Нигайдың айтуынша, ауруханаға жеткізілгенде бала өте ауыр халде болған.  «Шетінеп кету қаупі жоғары болғандықтан жедел түрде ота жасау қажет болды. Кардиохирургтермен бірге күрделі ота жасалып, туабітті жүрек ақауы емделді, жүректегі тесік бітеліп, қан айналысы реттелді», - деді маман. «2 сағатқа созылған операция сәтті өтті.

Қазір нәрестенің жағдайы жақсарды, ауруханадан шығуға дайындалып жатыр», - дейді кардиохирург дәрігер Қайрат Қуатбеков.  Айтуынша, мұндай балалар болашақта қалыпты өмір сүреді, бірақ кардиологтардың бақылауында болуы тиіс.   Естеріңізге сала кетсек, операция ақысы міндетті медициналық сақтандыру есебінен төленеді.

18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жарнасын төлеуден босатылған, олар мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санатқа кіреді.