Алматы қаласы медициналық ұйымдарының ультрадыбыстық мамандары Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында пренатальды ультрадыбыстық диагностика бойынша шеберлік сыныбына қатысты.
Сабақта Мәскеуден келген медицина ғылымдарының кандидаты Елена Андреевна өз тәжірибесімен бөлісті.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева:
«Бұл шеберлік сыныбы қала әкімі бекіткен пренатальды скрининг және туа біткен ақауларды ерте түзету бойынша жол картасы аясында өткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ультрадыбыстық зерттеу акушерия мен гинекологияда ерекше орын алады. Бұл ұрықтың жатырішілік дамуын бақылауға, нормадан аздаған ауытқу байқалған кезде шұғыл шара қабылдауға мүмкіндік береді, сонымен қатар күрделі диагностикалық және терапиялық процедуралар үшін міндетті ілеспе әдіс болып табылады. Шеберлік сыныбы туа біткен ақауларды диагностикалау саласындағы мамандарымыздың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталып, пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға, сонымен қатар нәресте өлімінің төмендеуіне септігін тигізеді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында жоғары сапалы пренаталдық скрининг, туа біткен ақауларды ерте түзету және динамикалық бақылау арқылы мүгедектікті азайту мақсатында 3-деңгейде ұрықты қорғау орталығы ашылғаны таңқаларлық емес. Өйткені тек Алматыда ғана балаларға кардиохирургиялық операциялар, соның ішінде жоғары технологиялық операциялар жасалады», - деп атап өтті ол өз сөзінде.
Тренинг барысында оған қатысушылар нәресте өлімінің құрылымында негізгі үлесті алатын ұрықтың жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен ақауларының диагностикасын жан-жақты зерттеп, пысықтады. Сонымен қатар, алматылық дәрігерлер мәскеулік сарапшымен бірге пренатальды патологияның жоғары тәуекел тобына жататын науқастарды қабылдады.
https://perinatal-cardio.kz/kz/zhanaly-tar/240-almatyda-tua-bitken-zh-rek-a-aularyny-prenataldy-diagnostikasy-bojynsha-sheberlik-saba-y-tti.html#sigFreeId2354a029ea